Жамбыл облысында қайтарылған активтерге су тарту құрылыстарының жұмысы басталды

Жамбыл облысында қайтарылған  активтерге су тарту құрылыстарының жұмысы басталды

Жамбыл облысының Байзақ ауданында прокуратура қайтарған активтер есебінен қаржыландырылатын сумен жабдықтау саласындағы әлеуметтік нысандардың құрылысы басталды.

Атап айтқанда, Жалғызтөбе ауылдық округінің Төрткөл ауылында су құбыры желілері мен су жинау құрылыстарын салудың басталуына байланысты «уақыт капсуласын» салудың салтанатты рәсімі өтті.

Іс-шараға Байзақ ауданының прокуроры, аудан әкімінің орынбасары, ақсақалдар мен ауылдың құрметті тұрғындары қатысты.

Жобаны іске асыру ауылдың 274 тұрғынын сапалы ауыз сумен қамтамасыз етеді. Нысан ағымдағы жылдың тамыз айында пайдалануға беріледі.

Осы өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында құрылыс жұмыстары 20 жылдан астам жүргізілмеген.

Рәсім барысында қатысушылар жергілікті тұрғындарды құрылыс жұмыстарының басталуымен құттықтап, аталған жобаларды іске асыру тұрғындардың өзекті әлеуметтік мәселелерін шешуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Айта кетсек, бүгінгі таңда Үкімет мемлекеттік қордан денсаулық сақтау, білім беру, спорт және сумен жабдықтау салаларындағы 333 әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асыруға қаражат бөлді.

  

Жамбыл облысының прокуратурасы