Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау, оның ішінде оларды күтіп-бағуға алимент өндіру облыс прокуратураcының тұрақты назарында.
Бүгінгі таңда облыстағы сот орындаушыларының өндірісінде 13 мыңнан астам құжат бар, олар бойынша алимент бойынша қарыз 790 миллион теңгені құрайды.
Ата-аналық міндеттемелерге және сот шешімімен алимент төлеу міндетіне қарамастан, кейбір ата-аналар кәмелетке толмаған балаларын асыраудан жалтаруда.
Жыл басынан бері 42 борышкер әкімшілік, 14-і қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 32 адамға іздеу жарияланды.
Соңғы 3 жылда букмекерлік кеңселерге ставка жасап, олардың шоттарына 100 млн теңгеден астам ақшаны қайтарымсыз аударған жалпы қарызы 84 млн теңгені құрайтын 75 алимент төлемейтін тұлғалар анықталды. Олар осы қаражатты 98 баланың пайдасына алимент төлеуге жұмсауы мүмкін еді.
Прокуратураның үйлестіруімен сот орындаушылары алимент төлемейтіндермен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде борышкерлер құмар ойындарға өздерінің қатысуын «eGov-Mobile» мобильді қосымшасы арқылы бұғаттады.
Алимент өндіру саласындағы осы және басқа да мәселелер Шығыс Қазақстан облысының заңдылықты, құқық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында талқыланды.
Нәтижелері бойынша бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, уәкілетті органдарға осы бағыттағы жағдайды жақсарту бойынша ұсыныстар берілді.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы