Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі туралы

Атмосфералық ауаны қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі туралы

Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының алқа отырысында атмосфералық ауаны қорғау туралы заңнама саласындағы заңдылықтың жай-күйі және осы бағыттағы уәкілетті мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігі мәселелері қаралды.

Отырыс жұмысына облыс әкімінің орынбасары Е.А. Нұрбаев, уәкілетті мемлекеттік органдардың басшылары, ірі табиғат пайдаланушылардың өкілдері қатысты.

Шығыс Қазақстан түсті металлургия мен тау-кен өндіру өнеркәсібін дамытудың зор әлеуетіне ие, 600-ден астам кәсіпорын және 100-ден астам ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Сонымен бірге, экономикалық өсуі бір мезгілде қоршаған ортаға елеулі антропогендік жүктемемен ұштасады. Атмосфералық ауасына ең көп зиян келеді.

«Жүргізілген талдау көрсеткендей, табиғат пайдаланушылардың табиғат қорғау іс-шараларын қаржыландыру және олардың сапасын жақсарту бойынша қабылдаған шараларына, сондай-ақ уәкілетті мемлекеттік органдардың табиғат қорғау және экологиялық заңнаманы қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарына қарамастан, кемшіліктер мен проблемалық сәттер орын алуда», - деп атап өтті облыс прокуроры А. Байшолақов.

Экология департаментінің көптеген бұзушылықтары сынамаларды іріктеу арқылы аспаптық тәсілмен анықталды. Табиғат пайдаланушылардың эмиссия нормативтерін сақтамау себептері, ластанудың нақты көздері анықталмайды, бұл бағытта талдау жұмыстары жүргізілмейді.

Ірі өндірістік кәсіпорындардың болуына қарамастан, облыстың бірқатар елді мекендерінде, атап айтқанда, Жаңа-Бұқтырма және Жезкент кенттерінде «Қазгидромет» РМК атмосфералық ауа жай-күйінің сапалы мониторингін қамтамасыз етпейді. Облыс орталығында бақылау бекеттері тиісті емес жерлерде орналасқан. Елді мекендер шегінде атмосфералық ауаға және көгалдандыруға қойылатын талаптарды реттейтін қажетті нормативтік-құқықтық актілер жоқ. Елді мекендерді көгалдандыру техногендік жүктемені есепке алмай, ретсіз жүргізіледі.

Жергілікті атқарушы органдар 2022-2024 жылдарға арналған табиғатты қорғау іс-шараларының жоспарына Өскемен, Семей және Риддер қалаларында атмосфералық ауаны қорғау жөніндегі іс-шараларды енгізбеген.

Автомобиль көлігі экологияның жай-күйіне айтарлықтай әсер етеді. Тіркелген 342 мың автомобильдің 252 мыңы 10 жыл бұрын шығарылған. Алайда, автомобиль отынының сапасын 7 жыл бойы ешкім тексерген жоқ.

Барлық анықталған бұзушылықтар бойынша облыс прокуратурасымен прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Отырыс қорытындысы бойынша мемлекеттік органдар мен ұйымдардың алдына бірқатар нақты міндеттер қойылды, облыс әкімінің атына жалпы жағдай туралы ақпараттық хат жолданды. Өндірістік кәсіпорындарға қолайсыз метеожағдайлар күндері өндіріс көлемін және атмосфераға ластаушы заттар шығарындыларын азайту шараларын қабылдау ұсынылды.

Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

 

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы