Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс туралы

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс туралы

ШҚО прокуратурасында Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (ӘРПК) негізгі ережелерін талқылау бойынша семинар өтті. Облыс прокурорының төрағалығымен өткен аталмыш семинарға қала және аудан прокуратураларының қызметкерлері бейнеконференцбайланыс арқылы қатысты.

Семинарда атап өтілгендей, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыру тәртібін, мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, сондай-ақ жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу тәртібін реттейтін жаңа кодекс осы жылдың 1 шілдесінен бастап күшіне енеді. Осы уақыттан бастап қолданыстағы «Әкімшілік рәсімдер туралы» және «Жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау тәртібі туралы» ҚР Заңдарының күші жойылады. Бұдан басқа, көптеген заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

ӘРПК қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыруға, мемлекеттік органдардың шешімдер қабылдау процесінде азаматтар мен бизнестің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітеді деп күтілуде.

ӘРПК қолданысқа енгізілгеннен кейін мемлекеттік органдардың іс-әрекеттерін даулау туралы істерді қарау тәртібі түбегейлі өзгертіледі. Кодекс мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор қабылдайтын шешімдердің, оның ішінде азаматтардың өтініштері мен шағымдарын қарау сапасын арттырады. Өтініштерді қараудың жаңа үш сатылы рәсімі енгізіледі. Бұл -бастапқы қарау, өтінішті бастапқы қарауымен келіспеушілік туралы шағымды қарау және сотқа шағымдану.

Соттардың белсенділігі күшейтілуде, оларға істің барлық мән-жайларын, оның ішінде дәлелдемелерді өз бетінше жинау, іске тиісті жауапкерлерді тарту және т. б. анықтау бойынша неғұрлым кеңейтілген өкілеттіктер берілді. Кодексте аталған органдардың шешімдеріне шағым берудің ерекше тәртібі көзделген даулардың жекелеген санаттарын (мысалы, салықтық, кедендік даулар) қоспағанда, сотқа дейінгі міндетті түрде шағым беру рәсімі енгізіледі.

Сөйтіп, ӘРПК қолданысқа енгізу - азаматтардың билік органдарымен жоғары тұрған органда немесе сотта дауларды қарау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша тиімді механизмін құрады. Басқару функциялары процесіне қатысуға мүмкіндік беретін кепілдіктер жиынтығын бекітеді.

Атап өту қажет, бұған дейін полиция Департаментінде облыс прокурорының төрағалығымен ZOOM-конференция режимінде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтіп, онда жаңа кодекстің нормалары түсіндірілген болатын.

Отырысқа қатысушылар заңнамадағы жаңашылдықтар, өзара ынтымақтастықты нығайту және азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі қызметті жетілдіру жөнінде пікір алмасты.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы