ШҚО прокуратурасы 144 млн. теңгеге мемлекет шығынын алдын алды

ШҚО прокуратурасы 144 млн. теңгеге  мемлекет шығынын алдын алды

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес прокуратура органдары қоғамдық мүдделерді немесе өзін қорғай алмайтын тұлғаларды қорғау қажет болған жағдайда мемлекет мүдделерін қозғайтын азаматтық істер бойынша қадағалауды жүзеге асырады.

Қадағалау азаматтық істер бойынша қатысу, мәлімделген талаптардың негізділігіне қатысты қорытынды беру, сот актісімен келіспеген жағдайда жоғары тұрған сотқа апелляциялық өтініш беру арқылы жүзеге асырылады.

Осы жылдың 1-ші тоқсанында облыс прокуратурасының органдары прокурорлардың апелляциялық өтініштері негізінде азаматтық істер бойынша 11 шешімді өзгертіп, бұзған. Нәтижесінде 144 млн.теңгеден астам мемлекеттің шығынын алдын алды.

Атап айтқанда, прокурордың апелляциялық өтінішхаты бойынша ЖШС пайдасына мемлекеттен 70 млн.теңге өндіру туралы бірінші сатыдағы сот шешімі бұзылды. ЖШС өзінің талап-арызын мемлекеттік сатып алу келісімшарты бойынша шартта көзделген жұмыстар көлемінің ұлғаюын негіздеген, осыған байланысты жоғарыда көрсетілген соманы өндіріп алуды сұраған.

Сонымен қатар, көрсетілген қосымша жұмыстар бойынша бұрын шартқа өзгерістер енгізіліп, талапкер келіскен қосымша сома салынған болатын. Осындай жағдайларда шарт бойынша соманы қосымша ұлғайтуға негіз болмаған.

2020 жылы бірінші сатыдағы соттардың 29 шешіміне наразылық келтіру арқылы 1 млрд.911 мың теңгеге мемлекеттің мүдделері қорғалды.

Сондай-ақ, мемлекеттік органдар тарапынан заңнама талаптарын бұзу жағдайлары да назардан тыс қалмайды. Істерді сотта қарау барысында анықталған бұзушылықтар бойынша 2020-2021 жылдары прокуратураның бастамасымен 123 лауазымды тұлға тәртіптік және әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы