ШҚО прокуратурасында жаңа кадрлық тағайындаулар болды

ШҚО прокуратурасында жаңа кадрлық тағайындаулар болды

ҚР Бас Прокурорының бұйрығымен Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасында кадрлық тағайындаулар жүргізілді. Облыс прокурорының бірінші орынбасары болып аға әділет кеңесшісі Таутенов Мейрам Мұңайтпасұлы тағайындалды. Облыс орталығының прокуратурасын әділет кеңесшісі Ерлан Маратұлы Буланбаев басқаратын болады. Екеуі де прокуратура органдарының кадрлық резервінде тұрды.

 

Мейрам Таутенов 1979 жылы туған, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген. Прокуратура органдарындағы қызметін 2001 жылы Қостанай қаласы прокурорының көмекшісі міндетін атқарушы лауазымынан бастады. Содан кейін Қостанай қаласы прокурорының көмекшісі, прокурордың аға көмекшісі болып жұмыс істеді. Одан әрі үш жыл бойы  Қостанай облысының прокуратурасында  қызмет атқарды.

2006 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау Департаментінің экономика саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасының бөлім прокуроры, меншік және кәсіпкерлікті қорғау туралы заңдардың қолданылуын қадағалау бөлімінің аға прокуроры лауазымдарында қызмет атқарды.

2009-2011 жылдары аралығында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау Департаментінде табиғат қорғау заңнамасының қолданылуын қадағалау бөлімінің бастығы болды.

2011 жылдан 2014 жылға дейін Бас көлік прокуратурасында әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы болып жұмыс істеді.

2016 жылы Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының әлеуметтік-экономикалық саладағы заңдылықты қадағалау Департаменті бастығының орынбасары - экономика саласындағы заңдылықты қадағалау басқармасының бастығы лауазымына тағайындалды, онда Қарағанды облысы прокурорының орынбасары болып тағайындалуына дейін жұмыс істеді.

Осы уақытқа дейін Қарағанды облысы прокурорының бірінші орынбасары лауазымында қызмет атқарды. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 20 жылдан астам. Сыныптық шені-аға әділет кеңесшісі.

 

Ерлан Бұланбаев 1980 жылы туған, «Қайнар» университетін құқықтану мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 2004 жылы Күршім ауданы көмекшісінің міндетін атқарушы лауазымынан бастаған. Күршім, Зырян аудандары прокурорының көмекшісі, басқарма прокуроры, Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры қызметін атқарды.

2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының ІІМ органдарында тергеу және анықтау заңдылығын қадағалау басқармасының бөлім бастығы болып тағайындалды. Одан әрі еңбек жолын Өскемен және Нұр-Сұлтан қалаларының прокуратураларында жалғастырды.

2012 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау Департаментінде қызмет атқарды.

2013-2018 жылдары аралығында ШҚО прокуратурасының жедел-іздестіру қызметінің заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы, кейіннен Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының қылмыстық қудалау заңдылығын қадағалау басқармасының бастығы болды.

2019 жылдың 31 қазанынан бастап қазіргі уақытқа дейін Ұлан ауданының прокуроры лауазымында жұмыс істеді. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 17 жыл. Сыныптық шені-әділет кеңесшісі.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы