Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау туралы

Азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау туралы

Полиция Департаментінде облыс прокурорының төрағалығымен ZOOM-конференция режимінде заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыста негізгі процестік шешімдерді келісімдеу бөлігінде «Кейбір заңнамалық актілерге қылмыстық процесте азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейту және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын іске асыру мәселелері, сондай-ақ, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің нормаларын қолдану бойынша мемлекеттік органдардың қызметі тиімділігінің жай-күйі қаралды.

Мемлекет Басшысының құқық қорғау органдарының алдына қылмыстық процестің үш буынды моделін құру бойынша қойған міндеттері талқыланып, сондай-ақ қылмыстық-процестік кодексте орын алған өзгерістерге баса назар аударылды.

Жылдың басынан бастап прокурорлар цифрлық форматта 6 мыңнан астам негізгі процестік шешімдерді зерделеген, олардың 166-сы келісімдеуден бас тартылған. Азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол берілмей, органдардың  күдікті деп тану, әрекетті саралау және қайта саралау туралы 60-қа жуық шешімі заңға сәйкес келтірілген.

Қазіргі кезде жаңа бастаманың негізгі мақсаттарына қол жеткізілді, облыста негізгі шешімдерді келісімдеу бойынша жұмыс жолға қойылды, өзара іс-қимылдың белгілі бір деңгейіне қол жеткізілді. Оны іске асырудың әрбір кезеңі және қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғауын күшейту мәселелері құқық қорғау органдары басшыларының жеке бақылауында болады.

Отырыс барысында облыс прокуроры қатысушылар алдында жұмыстың тиімділігі мен органдармен өзара іс-қимыл деңгейін арттыру бойынша міндеттерді атап өтті. Ол қылмыстық процеске қатысушылардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз қорғауды басымдық ретінде белгілеп,  ағымдағы жылы дәл осы бағыттар бойынша жұмысты құру қажеттілігіне де назар аударды.

Бұдан әрі, облыс прокурорының орынбасары А.Тлешев әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекс (бұдан әрі -ӘҚБтК) нормаларын қолдану жөнінде мемлекеттік органдар қызметінің заңдылығы мен тиімділігінің жай-күйі туралы баяндады.

Қаралған әкімшілік істердің негізгі бөлігі полиция, мемлекеттік кірістер, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау және сот органдарына тиесілі. Талдау нәтижелері мемлекеттік органдардың өз өкілеттіктерін толық пайдаланбағанын, заңды дұрыс қолданбағанын және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың жеткіліксіз екенін көрсетті.

Мысалы, банкроттықты басқарушылардың есептерді уақытылы ұсынбауы ӘҚБтК-нің 179-бабы бойынша жауапкершілікке әкеп соғады, істерді қарау мемлекеттік кірістер Департаментінің құзыретінде. Алайда, Департамент ешкімді жауапқа тартпаған, тек прокуратураның араласуынан кейін ғана 6 банкроттық басқарушыға айыппұл салынды.

Осы тектес, полиция жетім балаларды тұрғын үйге мұқтаждар есебіне қоймағаны үшін балалар үйлерінің басшылығына қатысты әкімшілік істерді де қарамаған. Облыс прокуратурасы осындай 30-дан астам фактіні анықтап,  кінәлілер жазаланды.

Азаматтар мен бизнесті жауаптылыққа негізсіз тарту жағдайлары анықталды. Мысалы, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау Басқармасы мерзімінің өтуіне қарамастан, ЖШС-нің біреуіне қатысты хаттама құрастырып, 700 мың теңге көлемінде айыппұл салған. Прокуратураның араласуынан соң ғана іс сотпен қысқартылды.

Осыған байланысты мемлекеттік органдарға ведомствоаралық жұмыс тобы шеңберінде әкімшілік заңнама саласындағы проблемалық мәселелерді сапалы дәйектеу үшін шаралар қабылдау ұсынылды. Анықталған кемшіліктер мен бұзушылықтарды жою, оның ішінде ӘҚБтК-не тиісті өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар айтылды

Бұдан басқа, отырыста өтініштерді қарау тәртібін, сондай-ақ қабылданған шешімдерге сотқа дейін шағымдануды және соттардың жария-құқықтық даулар бойынша әкімшілік істерді қарау тәртібін реттейтін Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексті қолданысқа енгізу мәселесі қаралды.

Кодексті қабылдау мемлекеттік органдар қызметінің тиімділігін арттыруға, олардың іс-әрекеттерінің ашықтығына, азаматтар мен бизнес субъектілерінің құқықтарын қорғау кепілдіктерін бекітуге әкеледі деп күтілуде.

 

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы