ШҚО прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауын жалғастыруда

ШҚО прокурорлары кәсіпкерлердің құқықтарын  қорғауын жалғастыруда

Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасының ұтқыр топтарының құрамына кіретін «Атамекен» ҰКП мен уәкілетті органдардың өкілдері  кәсіпкерлердің құқықтарын пәрменді қорғауын жалғастыруда. Бұл жолы Курчатов қаласының  кәсіпкеріне көмек көрсетілді.

2020 жылдың желтоқсан айында ұтқыр топтың телефонына сумен жабдықтау жүйелеріне арналған бұйымдарды жеткізуін жүзеге асыратын фирма директорынан өтініш келіп түсті. Компания иесі жарты жыл бойы «Курчатов көпсалалы пайдалану кәсіпорыны» шаруашылық жүргізу құқығындағы КМК-нан мемлекеттік сатып алу шарты аясында жеткізілген болат құбырлары үшін 3 млн.теңгеден астам ақша қаражатын ала алмай жүргенін айтқан.  Оның аталған кәсіпорын басшылығына жолдаған жазбаша өтініштері нәтиже бермеген соң, ол прокуратураға  жүгінуге мәжбүр болған.

Курчатов қаласының прокурорлары жеткізілген тауарды кәсіпорын шынымен толық көлемде қабылдағанын, сапасына қатысты шағымдар жоқ екенін, төлем мерзімі 2020 жылдың 30 тамызында белгіленгенін анықтады.

Курчатов қаласының прокуратурасы араласқаннан кейін енгізілген қадағалау актісі нәтижесінде берешек толық өндірілді. Кінәлі лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы