ШҚО-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтары қалпына келтірілді

ШҚО-да ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалардың құқықтары қалпына келтірілді

ШҚО Үлкен Нарын ауданының прокуратурасы жүргізген тексеру барысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды үйде оқытуды ұйымдастыруда заңбұзушылықтар анықталды.

Балалардың көзделген 19 сағаттың орнына аптасына 8 сағат қана оқытылғаны белгілі болды. Жеке оқу жоспарларында міндетті пәндер болмаған, психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның ұсынымдары сақталмаған, сабақ жүргізуге тиісті арнайы дайындығы жоқ педагогтер тартылған.

Бұдан бөлек, педагогтерге іс жүзінде өткізілмеген сабақтар үшін еңбекақы заңсыз есептелгені анықталды.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде 4 баланың сапалы білім алуға құқықтары қалпына келтірілді. 4 мектеп директоры тәртіптік жауаптылыққа тартылды, 8 педагог бюджетке негізсіз алған қаражатты қайтарды.

Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау және қолжетімді әрі сапалы біліммен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда.

 

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы