Ұлан ауданында құны 20,3 млрд теңге болатын инвестициялық жобаға қатысты жер мәселесіндегі әкімшілік кедергілер жойылды

Ұлан ауданында құны 20,3 млрд теңге болатын инвестициялық жобаға қатысты жер мәселесіндегі әкімшілік кедергілер жойылды

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының прокуратурасы ҚР БП Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитетінің үйлестіруімен «Ұлан» көлік-логистикалық орталығын салу жөніндегі инвестициялық жобаны іске асырып жатқан «DTJ Commerce» ЖШС-ның құқығын қорғады.

Жобаның жалпы құны – 20,3 млрд теңге. Құрылыс жұмыстарын 2027 жылы аяқтау жоспарланған.

Инвестициялық жобаны сүйемелдеу аясында прокуратура Қасым Қайсенов кентінде орналасқан көлемі 0,27 гектар жер учаскесін беруден жергілікті атқарушы органның бас тартуына байланысты мәселені қарады.

Прокуратураның бастамасымен уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері мен мамандардың қатысуымен комиссиялық зерделеу жүргізілді. Нәтижесінде бұрын сұратылған жер учаскесін қолданыстағы шектеулерге байланысты беру мүмкін еместігі анықталды. Сонымен қатар, прокуратура уәкілетті органдармен бірлесіп, нысанды орналастырудың баламалы нұсқасын әзірледі.

Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде инвесторға жер заңнамасының талаптарына сәйкес келетін көлемі 0,18 гектар басқа жер учаскесі берілді. Қазіргі уақытта қажетті құқық белгілейтін құжаттарды рәсімделіп жатыр.

Бұдан бөлек, прокуратураның ықпалымен инвесторға бұрын берілген жер учаскесін жалға алу мерзімі ұзартылды. Бұл инвестициялық жобаны іске асыру барысында туындауы мүмкін тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік берді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде жер қатынастары саласындағы әкімшілік кедергілер жойылып, инвестордың құқығы қорғалды және инвестициялық жобаны негізсіз кідіріссіз әрі қарай іске асыруға жағдай жасалды.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы құқықтарының бұзылуына немесе әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды +7 (777) 857-00-88 телефоны арқылы, сондай-ақ 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.

 

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы