
Облыс прокуроры Тимур Сүлейменовтің төрағалығымен және өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың қатысуымен облыс әкімдігінің алаңында Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Оның басты тақырыбы құқық бұзушылықтың, оның ішінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын іске асыру мәселелері болды.
Отырыс жұмысына Үйлестіру кеңесінің мүшелері, Шығыс Қазақстан облыстық сотының төрағасы, облыстық басқармалардың басшылары, жетекші ЖОО-лардың ректорлары, сондай-ақ бейнеконференция байланысы режимінде қалалар мен аудандардың әкімдері, прокурорлар және полиция органдарының басшылығы қатысты.
Отырысты аша отырып, қатысушылар Мемлекет басшысы қоғамдық қауіпсіздік пен «Заң және Тәртіп» қағидатын мемлекеттік саясаттың негізгі басымдықтары ретінде айқындағанын атап өтті. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың өкілеттіктерін айтарлықтай кеңейткен және өңірлердегі құқықтық тәртіптің жай-күйі үшін жауапкершілікті әкімдіктерге жүктеген жаңа «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Заңды іске асыруға ерекше назар аударылды.
Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, өткен жылғы криминогендік жағдай алдын алу жұмыстарына деген тәсілдерді қайта қарауды талап етті. Жасөспірімдер қылмысының 48%-ға, балаларға қарсы қылмыстардың 40%-ға өсуі ерекше алаңдаушылық тудырды.
Жүйелі түрде ден қою мақсатында прокуратураның бастамасымен облыс әкімдігі жастар ортасының нақты қажеттіліктерін ескере отырып, ерте алдын алуға бағытталған ШҚО Жастар саясатының стратегиясын әзірледі және бекітті.
Оны іске асыру аясында өңірде «WinterSportFest» қысқы спорт фестивалі, Аула клубтарының лигасы, «Күш бірлікте» жобасы, есірткіге қарсы граффитидің «Заң аумағы» республикалық фестивалі сияқты ауқымды жобалар іске қосылды, сондай-ақ озық халықаралық тәжірибе енгізілуде.
Жүйелі жұмысқа көшу ағымдағы жылы жасөспірімдер қылмысының деңгейін екі есеге жуық төмендетуге мүмкіндік берді, бұл прокуратураның өңірдегі 30 мың жас арасында жүргізген цифрлық әлеуметтік зерттеуімен расталады.
Отырыста кәмелетке толмағандардың суицидтік мінез-құлық тәуекелдерін анықтауға және интернет пен мессенджерлер арқылы есірткінің таралуына қарсы іс-қимылға бағытталған прокуратураның цифрлық жобалары таныстырылды.
Қатысушылар сондай-ақ жасөспірімдердің жұмыссыздығы, бейінді қызметтердегі кадр тапшылығы, «тәуекел тобындағы» балаларды ведомствоаралық сүйемелдеудің жоқтығы және жастар ортасындағы жағымсыз белгілерге (сигналдарға) ден қоюдың бірыңғай алгоритмін әзірлеу қажеттілігі мәселелерін талқылады.
Отырыс қорытындысы бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейтуге, алдын алу жұмыстарының тиімділігін арттыруға және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау мен қауіпсіздігі жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталған қосымша шаралар кешені әзірленді.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы