Ағымдағы жылдың сәуір айында Күршім ауданының прокуратурасы ШҚО бойынша ҰҚКД және Күршім орман шаруашылығының қызметкерлерімен бірлесіп, Маралды ауылдық округінің «Көлшілік» учаскесінде рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында заңсыз алтын өндіру фактісін анықтады.
Пайдалы қазбаларды өндіру ауыр мамандандырылған техника мен спутниктік байланыс құралдарын қолдану арқылы жүзеге асырылғаны белгілі болды.
Қылмыс үстінде 4 адам ұсталды, оның ішінде мемлекетіміздің Шығысында заңсыз жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы да бар. Шынжыр табанды экскаватор, автокөлік, мотоцикл, қымбат тұратын металл іздегіштер, қол құралдары және өзге де жабдықтар тәркіленді.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 295-1-бабымен қылмыстық іс қозғалды.
Қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде.
Тергеу мүддесіне байланысты, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы