ШҚО-да «URPAQ» жобасының арқасында жасөспірімдер арасындағы зорлық-зомбылықтың алды алынды
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы 2024 жылы іске қосқан «URPAQ» жобасы балалар мен ата-аналарға буллинг, зорлық-зомбылық және балалар қауіпсіздігіне төнетін өзге де қауіптер туралы анонимді түрде хабарлауға мүмкіндік береді.
Осы жылдың сәуір айында «URPAQ» чат-ботына кәмелетке толмаған баладан бір топ құрдастары тарапынан өзіне қатысты жасалғалы жатқан физикалық зорлық-зомбылық туралы анонимді хабарлама түскен.
Тарбағатай ауданының прокуратура және полиция қызметкерлерінің жедел әрекет етуі мен дабылдың арқасында жанжал дер кезінде тоқтатылды, қазіргі уақытта жасөспірімнің өмірі мен денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Аталған факті бойынша құқық бұзушылыққа оқталушылардың ата-аналарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 127-бабы (Тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Оқиғаға қатысушылардың барлығымен және олардың заңды өкілдерімен кешенді профилактикалық және психологиялық әңгіме жүргізілді.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы «@VKO_URPAQ_BOT» телеграм-боты тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салады.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы