Алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күрес

Алаяқтықтың алдын алу және оған қарсы күрес
Алаяқтықпен күресу мақсатында Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы полиция департаментімен және әкімдікпен бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыруда. Оның орындалу барысын облыс прокуратурасының кеңейтілген алқа отырысында Zoom-конференция режимінде талқыладық.
 
Соңғы үш жылда біздің облыста алаяқтық саны тұрақты өсуде. Жыл сайын осындай 2 мыңнан аса құқықбұзушылық тіркеледі. Мұндай іс-әрекеттерден келтірілген залал да өте ірі және осы жылдың 9 айында 1 млрд.теңгеден астам соманы құрады.
 
Қазіргі кезде интернет-алаяқтықтың көбеюі байқалады. Заманауи технологияларды пайдалана отырып, қылмыскерлер әртүрлі тәсілдерді қолдануда. Олардың ішінде ең көп тарағаны - веб-сайттар арқылы жәбірленуші өзі ақша аударып, кейіннен тапсырысын ала алмай қалу деректері.
 
Әлеуметтік желілерде алаяқтар парақшаларды бұзып немесе көшіріп, материалдық көмек сұрап, туысқандарының атынан жалған өтініш жіберетін жағдайлар да тіркелген.
 
Шамадан тыс сенгіштік пен бейқамдық азаматтарды қаржы пирамидаларына әкеліп, тез арада баю ниеті оларды пирамида ұйымдастырушыларына айтарлықтай соманы өз қолымен бергізеді. Мысалы, Семейде қомақты табыс табуға уәде берген компанияға жалпы сомасы 157 млн.теңге аударған 700-ден астам адам зардап шеккен. Компания басшысы мен оның екі сыбайласы 5 жылдан астам мерзімге сотталды.
 
Банк саласында да алаяқтық жиілеп кетті. Қылмыскерлер өздерін банктердің қауіпсіздік қызметінің қызметкерлері ретінде таныстырып, клиенттерге олардың шоттарында күдікті операциялар немесе жүйенің ақаулары бар екенін хабарлайды. Содан сон ақшаны жалған шотқа аударуды ұсынып немесе банк картасының толық деректерін алып, ондағы барлық ақшаны тез арада иеленіп кетеді. Соңғы үш айдың ішінде 100-ге жуық адам осылай алданған. Бұл азаматтардың осы саладағы алаяқтардың амал-тәсілдерінен хабарсыз екендігін көрсетеді. Банк қызметкерлері үшін клиенттердің карточкалық шот бойынша деректерді немесе интернет банкинг паролін сұратудың қажеті жоқ екенін білу керек.
 
Осыған байланысты біз барлық екінші деңгейдегі банктерге алдын ала ескерту ережелері туралы клиенттерді қолжетімді байланыс құралдарымен (СМС-хабарлама, интернет банкинг және т.б.) хабардар етуді ұсындық.
 
Бұдан басқа, біз жеке несиелік ұйымдардың қызметіне қатысты ұсыныс енгіздік. Мұндай ұйымдарда онлайн-несие қарыз алушының жеке қатысуынсыз қашықтықтан рәсімделеді, оны алаяқтар сәтті пайдаланады. Сондықтан біз қарыздарды рәсімдеу кезінде жеке тұлғаларды сәйкестендіруді (индентификациялау) міндетті түрде енгізу керек деп санаймыз. Мұндай шаралар қылмыстарды едәуір азайтуға мүмкіндік береді.
 
Сонымен қатар, уәкілетті органдардың қызметінде де кемшіліктер бар екенін түсінеміз. Осыған байланысты алқа мәжілісінде құқық қорғау және жауапты мемлекеттік органдардың өзара іс-қимылын нақты үйлестіру, сондай-ақ қалыптасқан жағдайды түзету үшін дереу қосымша шаралар қабылдау тапсырылды.
 
Азаматтарды өте сақ болуға шақырамын, себебі көптеген жағдайларда аталған қылмыстар жәбірленушілердің өздерінің аңдаусыз әрекеттері салдарынан жасалады. Төмендегі ескертпені де назарға алыңыз ⤵️
 
https://www.facebook.com/100022397953016/posts/827487784674479/?d=n
 
Құсайын Игембаев, Шығыс Қазақстан облысының прокуроры