ШҚО-да түзеу мекемелерінде өнеркәсіп секторы белсенді дамуда

ШҚО-да түзеу мекемелерінде өнеркәсіп секторы белсенді дамуда

Жергілікті атқарушы органдармен және бизнес субъектілерімен үйлестіру және өзара іс-қимыл шараларының нәтижесінде ағымдағы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша сотталғандардың 82%-ы жұмыспен қамтылды. ШҚО түзеу мекемелерінде жазасын өтеп жатқан еңбекке қабілетті 1838 адамның 1514-і еңбектің түрлі салаларына тартылған.

Колониялар базасында құрылыс материалдары (газоблоктар, шлакоблоктар, тротуар плиткалары), металл құрастырылымдары, ағаш пен пластиктен жасалған бұйымдар, сондай-ақ тігін және нан-тоқаш өнімдерін шығару жолға қойылған. Бұл тауарлардың құны орташа нарықтық бағадан айтарлықтай төмен.

Бүгінгі таңда «Еңбек-Өскемен» РМК филиалы және 30-дан астам жеке кәсіпкер табысты жұмыс істеп тұр. Алдағы кезеңде Өскемен қаласындағы мекемелерде колониялардың өнеркәсіптік әлеуетін кеңейтуге арналған, ауданы 1000 шаршы метр болатын тағы екі жаңа модульдік ғимаратты пайдалануға беру жоспарлануда.

Мекеме әкімшілігі бизнес қоғамдастықтарды ынтымақтастыққа шақырады және дайын алаңдарда өндірісті бастау мен дамыту үшін тиімді шарттарға кепілдік береді.

Ескерте кететін жайт, кәсіпкерлерге ерекше жеңілдіктер беріледі: үй-жайлар үшін жалдау ақысы мүлдем алынбайды және үш ауысымды үздіксіз жұмыс кестесін ұйымдастыру мүмкіндігі бар.

Бизнес ашуға қатысты барлық сұрақтар бойынша ШҚО бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне 8 (7232) 56-03-07 телефоны арқылы хабарласуға болады.

 

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы