ШҚО прокурорлары Риддер қаласындағы тау шаңғысы курортын кеңейтуге инвесторға көмектесті

ШҚО прокурорлары Риддер қаласындағы тау шаңғысы курортын кеңейтуге инвесторға көмектесті

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеттің үйлестіруімен «Скай Тау Риддер» ЖШС-нің заңды мүдделерін қорғады.

Инвестор Риддер қаласында өңір үшін маңызды тау шаңғысы кешенін реконструкциялау жобасын іске асыруда. Оның аясында қазірдің өзінде 20 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылды.

Жергілікті атқарушы орган теміржол желілерінің санитарлық-қорғау аймағында орналасқанын алға тартып, компанияға қосымша жер учаскесін беруден негізсіз бас тартқаны анықталды. Алайда, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органның ресми мәліметтеріне сәйкес, бұл учаскені мәлімделген мақсаттарда пайдалануға жол беріледі.

Прокурорлық қадағалау актісінің арқасында әкімшілік кедергі жойылып, инвестордың құқықтары толығымен қалпына келтірілді. Бұл жобаны іске асыру туристік инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға тікелей ықпал етеді.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы әкімшілік кедергілерге тап болған инвесторларды 8 (7232) 75-43-38, 8 (707) 126-96-26 нөмірлері арқылы немесе 115 Call-орталығына хабарласуға шақырады.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы