
Кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігі қала прокуратурасының жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді.
Өскемен қаласының прокуратурасы жасөспірімдердің түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болуына байланысты құқық бұзушылықтарға талдау жүргізіп, сондай-ақ кінәлі тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа тарту тәжірибесін тексерді.
Анықталғандай, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілері анықталған кезде жауапкершілік әртүрлі қызметкерлерге жүктелген, ал заңды тұлғаның — нысан иесінің әрекеттеріне тиісті құқықтық баға берілмеген.
Қайталану белгілеріне қарамастан, құқық бұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 132-бабының 1-бөлігі бойынша сараланған, себебі әр жағдайда бір объектінің әртүрлі лауазымды тұлғалары жауапкершілікке тартылған, бұл неғұрлым қатаң жауапкершілік шараларын қолдануға мүмкіндік бермеген.
Осылайша, уәкілетті органның тиісті деңгейде әрекет етпеуі және жауапкершілік субъектісін айқындаудағы формалды тәсіл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында кедергісіз болуына ықпал еткен.
Қала прокуратурасы анықталған бұзушылықтарды жою, құқық бұзушылықтарды дұрыс саралауды қамтамасыз ету, сондай-ақ әкімшілік жауаптылық субъектісін айқындауға қағидатты көзқарас қалыптастыру туралы прокурорлық қадағалау актісін енгізді.
Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда. Негізгі мақсат — құқық қолдану тәжірибесінде формалды тәсілді болдырмау, жауапкершіліктің бұлтартпастығын қамтамасыз ету және кәмелетке толмағандар үшін қауіпсіз орта қалыптастыру.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы