
Өскемен қаласының прокуратурасы қадағалау қызметі
барысында I топтағы мүгедектігі бар адамдарға көмек көрсететін жеке
көмекшілердің еңбекақысын төлеу кезінде заңнама талаптарының
бұзылғанын анықтады.
Тексеру нәтижесінде 317 көмекшіге төлемдерді есептеу кезінде
заңнамада көзделген, радиациялық қауіптілігі жоғары аймақта жұмыс
істегені үшін 1,5 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшеріндегі
үстемеақы қолданылмағаны белгілі болды. Өскемен қаласы осындай
аймаққа жатқызылған. Соның салдарынан қызметкерлер тиесілі
қаражаттарын толық көлемде алмаған.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес,
аталған үстемеақы еңбек шарты негізінде жұмыс істейтін тұлғаларға
да, азаматтық-құқықтық шарттар бойынша қызмет атқаратын
адамдарға да міндетті түрде төленуге тиіс.
Прокурорлық қадағалау актісі бойынша 2025 жылдың басынан
бастап төлемдерді қайта есептеу бастамасы көтерілді. 317
қызметкердің бұзылған құқықтарын толық қалпына келтіруге
бағытталған шаралар кешені қабылданды.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы