Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокуратура органдары әлеуметтік және экономикалық маңызы бар инвестициялық жобаларды олардың іске асырылуының барлық кезеңдерінде инвесторлардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз ете отырып сүйемелдейді.
Өскемен қаласының прокуратурасы «Причал» ЖШС тарапынан жүзеге асырылып жатқан «Қаланың сол жағалау бөлігінде қонақ үйлер салу» жобасы бойынша инвестордың құқықтарының өрескел бұзылуын анықтады. Аталған жоба Шығыс Қазақстан облысының жалпыұлттық пулына енгізілген, 10,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартуды және 120 жұмыс орнын құруды көздейді.
Белгілі болғандай, уәкілетті орган белгіленген мерзімдерді бұза отырып, жобаны инвестициялық жоба ретінде тану және жер учаскесін беру үшін инвестор жолдаған құжаттар пакетін қарамаған. Қайта жолданған өтініштер де қараусыз қалдырылған, бұл жобаның іске асырылуын іс жүзінде бұғаттаған.
Тексеру нәтижелері бойынша прокуратура тарапынан прокурорлық қадағалау актісі енгізілді. Анықталған бұзушылықтар жойылуға жатады, жоба белгіленген тәртіппен қаралып, одан әрі сүйемелдеу қамтамасыз етіледі.
Инвесторлардың құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді жою қалалық прокуратураның бақылауында.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы