Өскемен қаласында облыс жастары арасында шаңғы жарысынан ауқымды WinterSport-Fest өтті

Өскемен қаласында облыс жастары арасында шаңғы жарысынан ауқымды WinterSport-Fest өтті

Өскемен қаласында облыс жастары арасында шаңғы жарысынан ауқымды WinterSport-Fest өтті.

Іс-шара Шығыс Қазақстан облысының жастар саясатының жаңа стратегиясы аясында облыстық прокуратура мен облыс әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Спорттық фестивальдің басты мақсаты — жастарды спорт пен салауатты өмір салтына баулу арқылы отансүйгіштік пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру, бірлік пен ынтымақ сезімін нығайту.

Аталған бастаманы өңірде жүзеге асырылып жатқан әлеуметтік және жастар жобаларына бейжай қарамайтын жергілікті кәсіпкерлер белсенді қолдады.

Шаңғы жарысына 16–17 және 18–20 жас ерекшелік санаты аралығындағы мектеп оқушылары мен студенттерді қоса алғанда, жүзге жуық жас қатысты. Қатысушылар 1200 метр қашықтықта бақ сынады.

Фестиваль барысында жастардың шығармашылық ұжымдарының өнер көрсетулері мен интерактивті ойындар ұйымдастырылды. Сондай-ақ кәсіпкерлер тарапынан қатысушыларға ыстық шай ішіп, жылынуға арналған шатырлар тігілді. Қатысушылар мен қонақтар іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын, сондай-ақ достық пен бірлікке толы атмосфераны атап өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша әр жас санаты бойынша жеңімпаз атанған барлығы 12 қыз бен ұл дипломдармен, медальдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қысқы спорт фестивалінің келесі кезеңінде, яғни 29–30 қаңтар күндері Өскемен қаласының аулалық хоккей командалары арасында хоккейден жарыстар өтеді. Сайыс Борис Александров атындағы Спорт сарайында ұйымдастырылады. Қала тұрғындарын жас спортшыларды қолдауға және жанкүйер болуға шақырамыз.

Sport-Fest өткен жылдың қараша айында облыстық прокуратура мен әкімдік бірлесіп өткізген «Жастар есірткіге қарсы!» атты антинаркотикалық граффити фестивалінде бастау алған бастамалардың жалғасы болды. Аталған фестиваль жастар мен облыс тұрғындары тарапынан көптеген оң пікірлерге ие болған.

Жастар саясатының жаңа стратегиясы аясындағы іс-шаралар алдағы уақытта тұрақты негізде өткізілетін болады.

 

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы