Іс-шараны Өскемен қаласының прокуратура қызметкерлері Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті және Әділет департаменті өкілдерімен бірлесіп ұйымдастырды.
Акция қиын өмірлік жағдайға тап болған, ерекше назар мен әлеуметтік қорғауды қажет ететін әйел-аналарға жан-жақты құқықтық қолдау көрсетуге бағытталды. Іс-шара Аналарды қолдау орталығы «Ана үйі – Дом мамы» базасында, сондай-ақ күрделі әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдағы балалы әйелдер уақытша тұратын КММ «ҚАХ ӘҚКО «Ульба» мекемесінде өтті.
Акцияның негізгі мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру, әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ мемлекеттік органдарға деген сенімді қалыптастыру.
Акция барысында қатысушыларға тегін құқықтық көмек көрсетілді. Прокуратура, полиция және әділет органдарының мамандары әлеуметтік төлемдер мен жәрдемақылар, отбасы-неке қатынастары, алимент өндіру, балалардың құқықтарын қорғау, құжаттарды рәсімдеу, еңбек даулары және өзге де өмірлік маңызы бар мәселелер бойынша жеке консультациялар өткізді.
Бұдан бөлек, әрбір әйел нақты проблемаларын шешуге қатысты мекенжайлық көмек пен практикалық ұсынымдар ала алатын жеке қабылдаулар ұйымдастырылды. Іс-шара жылы, сенімді әрі қамқор атмосферада өтті. Акцияға қатысушылар мемлекеттік органдар өкілдерінің мұқият әрі жанашыр қарым-қатынасын атап өтіп, көрсетілген қолдау, қатысу және қиын өмірлік жағдайда көмек қолын созуға дайын болғаны үшін прокуратура, полиция және әділет департаменті қызметкерлеріне шынайы алғыстарын білдірді.
Осындай акцияларды өткізу заңдылық пен әділеттілік қағидаттарын нығайтуға, халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға ықпал етеді және ана мен баланы, сондай-ақ әлеуметтік осал топтарды қолдауға бағытталған мемлекеттік саясатты іске асырудағы маңызды қадам болып табылады.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы