
«Қателіксіз жол». Жасөспірімдер пенитенциарлық жүйе мекемелерін аралап қайтты
«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын ілгерілету шеңберінде ШҚО прокуратурасы Өскемен қаласында полиция органдары мен пробация қызметтерінің профилактикалық есептерінде тұрған кәмелетке толмағандар үшін «Қателіксіз жол» атты оқыту гайд-турын ұйымдастырды. Іс-шара ШҚО ҚАЖД №17 мекемесінің базасында өтті.
Гайд-турдың мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ өскелең ұрпақтың заңға құрметпен қарау және құқыққа мойынұсыну мәдениетін қалыптастыру.
Іс-шара барысында жасөспірімдер сотталғандармен ашық диалог жүргізіп, заң бұзған адамдардың өмір сүру жағдайларын өз көздерімен көрді. Бұл үшінші тұлғалардан естуден немесе интернеттен оқудан әлдеқайда тиімді болды.
Ерекше назар жасөспірімдер ортасында қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға, құқыққа қарсы әрекеттердің болашаққа әсер ететін салдарына, сондай-ақ олардың санасында оң өмірлік бағдарлар мен заңға құрметті көзқарасты нығайтуға аударылды.
«Аталған фактілердің барлығы «АдалАзамат» — өз елінің саналы, жауапты, адал азаматтарының ажырамас құрамдас бөлігі болып табылады», — деп атап өтті прокуратура өкілдері.
Өз кезегінде іс-шараға қатысқан жасөспірімдер алған әсерлерімен бөлісіп, болашақтарын қалыптастыру және өмірлік мақсаттарына қол жеткізу үшін Заң мен Тәртіп қағидаларын ұстанудың маңыздылығын түсінгендерін жеткізді.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы