Шығыс Қазақстан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қоғам назарын аударған «Қалбатау–Майқапшағай» автожолын қайта жаңарту жұмыстарына байланысты сыбайлас жемқорлық ісі бойынша сот үкімі шықты. Сотта Экология департаментінің басшысы Бутабаевтың аса ірі мөлшерде — 8,5 миллион теңге көлемінде пара алғаны дәлелденді. Бұл сома бұған дейін келісілген 130 миллион теңгенің тек бір бөлігі ғана болған. Пара экология департаменті тарапынан «Синьсин» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің қызметіне көз жұма қарағаны үшін берілген. Сондай-ақ, «Синьсин» компаниясы директорының орынбасары Дырынбаев кәсіпкер Ақылғазинді коммерциялық пара беруге итермелеп, бұл қаражатты лауазымды тұлғаға пара ретінде беруді көздегені анықталды. Сот үкімімен Бутабаев пен Дырынбаев өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылып, 10 жыл 1 ай мерзімге, ал Акылғазин 6 жыл 3 ай 29 күнге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды. Заңсыз алынған қаражат мемлекет кірісіне тәркіленді. Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ. Жазаның бұлтартпастығы – сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестегі прокуратура жұмысының басты қағидасы.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы