Шығыс Қазақстан облысы прокурорының тағайындалуы

Шығыс Қазақстан облысы прокурорының тағайындалуы

Мемлекет басшысының келісу бойынша Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының бұйрығымен ротация тәртібінде Шығыс Қазақстан облысының прокуроры болып Тимур Қайырбекұлы Сүлейменов тағайындалды.

Прокуратура органдарындағы қызметін 1997 жылы бастаған. Әр жылдары Алматы қаласының аудан прокуратураларында, Түрксіб ауданының прокуроры, Алматы қаласы прокурорының орынбасары, бірінші орынбасары, Астана қаласы прокурорының бірінші орынбасары, Қостанай облысының прокуроры, Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ректоры қызметтерін атқарды.

Осы тағайындауға дейін Бас көлік прокуроры қызметін атқарды.

Жаңа басшыны ұжымға Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының орынбасары Ғабит Садырбеков таныстырып, жаңа өңірлік қадағалау органының басшысының жоғары кәсібилігі мен тәжірибесін атап өтіп, оның басшылығымен Шығыс Қазақстан прокуратурасы заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуда жаңа нәтижелерге қол жеткізетініне сенім білдірді.

Сонымен қатар, Бас Прокурордың орынбасары алдағы кезеңде қадағалау органының қызметіндегі негізгі басымдықтарды айқындады. Атап айтқанда, экологиялық заңнаманы сақтау саласындағы жұмысты күшейту, кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау, қылмыстық процесте заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау, құқық бұзушылықтардың профилактикасын күшейту және «Заң мен Тәртіп» қағидаттарын одан әрі орнықтыру қажеттілігіне назар аударылды.

Өңірдің өнеркәсіптік бағытын ескере отырып, өндірістік қауіпсіздік, еңбек құқығы мен еңбекті қорғау заңнамасының сақталуына қадағалауды күшейту жөнінде жекелеген міндеттер қойылды.

Облыс прокуратурасының ұжымы жоғары тұрған прокуратура қойған міндеттерді іске асыру үшін  жұмысқа дайын екендігін білдірді.

Осы уақытқа дейін облыс прокуратурасын басқарған Алмат Байшолақов ротация тәртібінде Қазақстан Республикасының Бас Прокурорының бұйрығымен Павлодар облысының прокуроры болып тағайындалды.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы