Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын талдады

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасын талдады

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы сотқа дейінгі тергеп-тексерудің сапасына талдау қорытындыларын шығарып, бұл мәселені құқық қорғау органдарының бірінші басшылары шақырылған кеңейтілген алқа отырысында қарады. Өңірде тергеу мен қадағалаудың тұрақты деңгейіне қол жеткізілгені және оның жыл сайын орталық аппараттар тарапынан қойылатын талаптарға сәйкес деп танылып отырғаны атап өтілді.

Сонымен бірге, қарау нәтижелері бойынша ведомстволық бақылауды күшейтуді және ведомствоаралық өзара іс-қимылдың тиімділігін арттыруды қажет ететін жекелеген кемшіліктердің бар екендігі анықталды. Атап айтқанда, қылмыстық істердің қосымша тергеп-тексеруге қайтарылуы, іс жүргізу мерзімдерінің сақталмауы және тергеп-тексеруді тоқтату мен үзу туралы негізсіз шешімдердің белгілі бір саны орын алған. Бұл мәселелер тікелей атқарушылық тәртіппен байланысты және басшылар тарапынан көбірек назар аударуды талап етеді.

2025–2026 жылдарға арналған негізгі міндеттер ретінде азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу, істерді қайтару, шағымдар мен іс жүргізу мерзімдерінің бұзылуын одан әрі азайту, прокурорлық қадағалауды нығайту және ең проблемалық істер санатына нүктелік тәсілді енгізу айқындалды.

Аталған шараларды іске асыру тергеп-тексерудің сапасын арттыруға, заңдылықты нығайтуға және басты міндетті орындауға — әрбір қылмыстық іс бойынша заңды әрі әділ шешім қабылдауға, қылмыстық процесс қатысушыларының құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы