26 тамызда Шығыс Қазақстан облысында «Әділетті қоғам құрудағы Конституцияның рөлі» тақырыбында конференция өтті. Іс-шара облыс әкімдігі мен облыс прокуратурасының бірлесуімен ұйымдастырылды.
Жиынға облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, Конституциялық Соттың судьясы Айжан Жатқанбаева, облыстық соттың, мәслихаттың, мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының басшылығы, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл, үкіметтік емес ұйымдардың, ғылыми қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Облыс прокуроры Алмат Байшолақов Конституция елдің құқықтық жүйесінің өзегі екенін атап өтіп, соңғы заңнамалық өзгерістер прокуратураның азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудағы рөлін айтарлықтай күшейткенін айтты. Бүгінгі таңда прокуратура әлеуметтік осал санаттағы азаматтардың өтініштерін қарайды, ұлттық қауіпсіздікке қатер төнген жағдайда әрекет етеді, сондай-ақ кәсіпкерлердің құқықтарын қорғайды.
Халықаралық ынтымақтастық мәселелеріне, соның ішінде заңсыз алынған кірістерді қайтару және Қазақстанның халықаралық міндеттемелерін сақтау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Прокуратура институтының дамуы құқықтық мәдениетті нығайтып, Адал Азамат қағидаттарын қалыптастыруға ықпал ететіні атап өтілді.
Конференция Конституцияның рөлін нығайту – әділетті әрі қауіпсіз қоғам құру жолындағы маңызды қадам екенін көрсетті.
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы