Қоғамда «Заң мен Тәртіп» идеологиясын ілгерілету шеңберінде Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы балалар мен жасөспірімдермен жұмысқа ерекше назар аударып келеді.
Оқу орындарына жетекшілік жасау тәжірибесі өзінің тиімділігін көрсетіп, одан әрі енгізілуде. Оқушыларға прокурорлар оқу процесінде де, күнделікті өмірде де жан-жақты қолдау көрсетіп, олармен тұрақты байланыс орнатуда. Балалар мен жасөспірімдер прокуратура ұйымдастыратын профилактикалық іс-шараларға да белсенді түрде тартылуда.
Осылайша, қадағалау органы ұйымдастырған қылмыстылықтың алдын алу тақырыбына арналған облыстық шығармашылық байқаудың нәтижелері бойынша өңір мектептері мен колледждері арасында өткізілген «Мен және Заң» конкурсында Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғылыми кеңесінің шешімімен екі мектеп түлегіне «Сот және прокурорлық қызмет» мамандығы бойынша 4 жылдық тегін оқу гранттары берілді.
Облыс прокуроры Алмат Байшолақов пен университет ректоры Мұхтар Төлеген грант иегерлерін құттықтап, алдағы оқуында табыс тіледі. Сондай-ақ, университет басшылығы басқа өңірден келген түлекке жатақхана бөлді.
Жастар мен олардың ата-аналары прокуратура мен университет басшылығына көрсетілген қолдау мен берілген мүмкіндік үшін алғыстарын білдіріп, оқуын аяқтаған соң прокуратура органдарына қызметке орналасуға ниетті екендерін жеткізді.
Облыс прокуратурасы алдағы уақытта да жетекшілік институтын дамытып, оқушылар және жастармен белсенді ынтымақтастықты жалғастыратын болады.
#ҚұқықтықМәдениет
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы