ШҚО «Жастар үйінде» жасөспірімдерге «дропперлік» үшін жауапкершілік түсіндірілді

ШҚО «Жастар үйінде» жасөспірімдерге «дропперлік» үшін жауапкершілік түсіндірілді

       11 тамыз күні Шығыс Қазақстан облысы Білім басқармасының «Жастар үйінде» Өскемен қаласы прокуратурасының ұйымдастыруымен тәрбиеленушілермен кездесу өтті.

         Кездесудің негізгі тақырыбы – Мемлекет Басшысы қол қойған «Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасын оңтайландыру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларын түсіндіру болды.

       Ерекше назар Қылмыстық кодекске енгізілген жаңа 232-1-бапқа аударылды. Аталған бапта банктік шотқа үшінші тұлғаларға заңсыз қол жеткізу мүмкіндігін беру – «дропперлік» деп аталатын әрекет – үшін жауапкершілік белгіленген.

         Сонымен қатар қатысушыларға Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 916-бабының заңсыз байытуға қатысты ережелері түсіндірілді.

        Бұдан бөлек, жасөспірімдерге алаяқтық жасаудың негізгі тәсілдері және оларды болдырмау шаралары туралы айтылды.

        Іс-шараның мақсаты – құқықтық сауаттылықты арттыру және өскелең ұрпақтың заң талаптарын сақтауға жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру.

        Облыс прокуратурасы кәмелетке толмағандарды құқықтық ағартумен және жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алумен байланысты жүйелі жұмысын жалғастырады.

Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы