Өскемен қаласында «Заң және Тәртіп: өзара іс-қимылдың басымдықтары және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту» тақырыбында Шығыс Қазақстан облысының заңдылықты, құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету және қылмыспен күрес жөніндегі үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті.
Форум форматындағы іс-шараға өңір басшысы Н. Сақтағанов, облыстық сот, мәслихат, мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындарының басшылығы, Адам құқықтары және балалар құқықтары жөніндегі уәкілдер, үкіметтік емес ұйымдардың, бизнес-қоғамдастықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, сондай-ақ мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Отырысты ашқан облыс прокуроры А. Байшолақов мемлекет тарапынан заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаттарын нығайтуға бағытталған шаралардың маңыздылығын ерекше атап өтіп, азаматтардың құқықтық санасы мен құқықтық мәдениетін үнемі арттырып отырудың маңыздылығына және қоғамда заңға деген құрметті көзқарас қалыптастыруға ықпал ететініне тоқталды.
Өз сөзінде облыс әкімі Н. Сақтағанов заңдылық пен құқықтық тәртіп қағидаты елдің саяси бағытының маңызды бағдары және қоғамның тұрақты дамуы мен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің негізгі тетігі екенін атап өтті.
Форум барысында қадағалаушы органның, Полиция департаментінің, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет пен Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің басшылары өңірдегі заңдылықты, қоғамдық қауіпсіздік пен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы жұртшылықты хабардар етті.
Өскемен қаласындағы №39 орта мектептің оқушысы Алия Жеңісбекова мен Самар ауданының оқушысы Айжан Әнелхан балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Мектепке апарар қауіпсіз жол» және «Қауіпті нысандардың электрондық картасы» атты бастамалық жобаларын таныстырды. Жобалар қатысушылар тарапынан оң бағаланып, облыс көлемінде енгізу үшін әкімдік пен Полиция департаментіне ұсынымдар берілді.
Диалог алаңында қатысушылар заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету, сондай-ақ облыстағы қоғамдық қауіпсіздікті күшейту жөніндегі шаралар бойынша пікірлер мен ұсыныстар алмасты.
Іс-шара соңында облыс прокуроры құқықбұзушылықтардың алдын алу және өңірдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға қосқан үлесі үшін бірқатар үкіметтік емес ұйым өкілдерін, журналистерді және оқушыларды алғыс хаттармен және естелік сыйлықтармен марапаттады.
#АдалАзамат
#Әділдік
Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы