Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың басым міндеті

Балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету – мемлекеттік органдардың басым міндеті

       Балалардың жан-жақты дамуы мен қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету жазғы каникул кезеңінде ерекше өзектілікке ие.

        Осыған байланысты,  Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасында жазғы кезеңде балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқық бұзушылықтардың алдын алу және балалар сауықтыру лагерлерінің дайындығы мәселелері бойынша ведомствоаралық кеңес өткізілді.

       Кеңес барысында өзекті мәселелер қаралып, оларды шешу жолдары талқыланды. Уәкілетті органдармен балалардың жазғы демалысы мен сауықтырылуын ұйымдастыруға бағытталған кешенді шаралар қабылданып жатқаны атап өтілді.

       Балалар лагерлерінде, су айдындарында, ойын алаңдарында және кәмелетке толмағандар көп жиналатын басқа да орындарда қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылуда.

      Ата-аналармен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, балалардың ашық терезелер мен су айдындарының маңында жүрген кезде қадағалаусыз қалдырмау қажеттігі ескертілуде.

      Кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылықтардың және жасөспірімдер қылмысының алдын алуға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде өткізіліп келеді.

      Облыс прокуратурасы уәкілетті органдардың қызметін үйлестіріп, қалыптасқан жағдайға тұрақты түрде мониторинг жүргізуде.

      Кеңес қорытындысы бойынша уәкілетті органдарға нақты ұсыныстар берілді.

 Шығыс Қазақстан облысының прокуратурасы