Мемлекет басшысы прокуратура органдарына маңызды инвестициялық жобаларды сүйемелдеуді тапсырды.
Осы жұмыс аясында облыс прокуратурасы 75 млрд теңгеге жел станциясының құрылысын жүзеге асыратын қытайлық инвестордың («Mezgilder Qushteri» ЖШС) құқығын қорғады.
Инвестор өз компаниясын Сәтбаев қаласында салық төлеуші ретінде тіркеген.
Компанияның кеңсесі нақты тіркелген мекенжайда болғанына қарамастан, фискалдық орган оның банктік шоттары бойынша операцияларын негізсіз тоқтатып, заңды тұлғаны мемлекеттік қайта тіркеудің күшін жою туралы сотқа талап арыз енгізген.
Нәтижесінде инвестордың қызметі тоқтатылып, бұл инвестициялық жобаны іске асырудың кешеуілдеуіне әкелді.
Прокуратураның актісі бойынша талап қайтарылып, инвестордың бұзылған құқықтары қалпына келтіріліп, кінәлі лауазымды адамдар жауапқа тартылды.
Егер Сіз инвестор болсаңыз және Сізде жобаны жүзеге асыруда проблемалар туындаса, облыс прокуратурасының кәсіпкерлер мен инвесторлардың құқықтарын қорғау жөніндегі мобильді топ арқылы прокуратураның қызметкерімен тікелей байланыса аласыз (байланыс нөмірі +77012526651).