Манадыр ауылында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа мектеп ашылды

Манадыр ауылында мемлекетке қайтарылған активтер есебінен салынған жаңа мектеп ашылды

Білім күнінде, Жаңаарқа ауданының Манадыр ауылында мектептің жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды. Оның құрылысына заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару есебінен қалыптастырылған Арнаулы мемлекеттік қордан 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бағытталды.

Салтанатты рәсімге Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов, педагогтер, ата-аналар, оқушылар, ауыл тұрғындары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

«Жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастау – балаларымыздың болашағына жасалған маңызды қадам. Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты есебінен облыста жалпы құны 20 млрд теңгеден асатын 17 әлеуметтік маңызы бар жоба іске асырылуда. Оның 12-сі аяқталды. Манадыр мектебі – сол нысандардың бірі», - деді облыс әкімі Есет Байкен.

Жаңа ғимарат заманауи талаптарға сай. Мектепте 18 оқу кабинеті, робототехника кабинеті және спорт залы жабдықталған. Аумақта баскетбол және футбол алаңдары салынған. Жасалған жағдай ауыл балаларының сапалы білім алып, жан-жақты дамуына мүмкіндік береді.

«Заңсыз иемденілген активтерді қайтару бюджет қаражатын толықтырумен ғана шектелмейді. Оның түпкі мақсаты – қайтарылған қаражатты халықтың игілігіне және елдің дамуына бағыттау. Бүгін біз оның нақты нәтижесін көріп отырмыз: бұл қаражат балалардың білімі мен болашағына қызмет ететін мектеп болып елге қайтарылды. Бұл – заң үстемдігі мен әлеуметтік әділеттілік қағидаттарының іс жүзіндегі көрінісі», - деп, облыс прокуроры Жасұлан Еламанов атап өтті.

Жалпы, Жаңаарқа ауданында қайтарылған активтер есебінен білім беру, денсаулық сақтау және сумен жабдықтау салаларында алты жоба іске асырылды. Олардың пайдалануға берілуі ауданның әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ықпал етеді.