
Ұлытау облысының прокуратура органдары халықтың құқықтық мәдениетін арттыру және құқық бұзушылықтардың алдын алудың заманауи тәсілдерін енгізу бағытындағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыруда.
Осыған байланысты облыс прокуратурасы «Яндекс Такси» сервисімен таксопаркті азаматтарды құқықтық ақпараттандыру мен жүйелі профилактикалық ықпал ету құралы ретінде пайдалану жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасты.
Қазіргі таңда жобаға Жезқазған және Сәтбаев қалаларында қызмет көрсететін 92 автокөлік тартылған. Аталған қалалардағы жалпы халық саны 156 мыңнан асады. Орта есеппен бір автокөлік аптасына 295-ке жуық тапсырыс орындайды, бұл ай сайын 100 мыңнан астам азаматты қамтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жүргізушілермен жолаушыларды құқықтық мәселелер бойынша әдепті әрі кедергі келтірмейтін форматта хабардар ету қажеттігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Бұл құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларын халықпен күнделікті қарым-қатынасқа енгізуге мүмкіндік берді.
Жобаның ерекшелігі – жүргізушілердің азаматтармен күнделікті байланысы арқылы кең аудиторияны қамтып, табиғи әлеуметтік ортада үздіксіз профилактикалық әсер қалыптастыруында.
Аталған бағыттағы жұмыстар жалғасуда.