
Прокуратура органдары кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау саласында заңдылықты қамтамасыз ету бойынша жұмысты жүйелі түрде жалғастыруда.
Жүргізілген талдау барысында «Білім туралы» Заңның 43-бабы талаптарының қаладағы бірқатар жалпы білім беру ұйымдарында өрескел бұзылғаны анықталды.
Белгіленген нормаларға қарамастан, 13 мектепте кәмелетке толмағандарды олардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін әрекеттерге, соның ішінде суицид пен зорлық-зомбылыққа итермелейтін материалдарды қамтитын тыйым салынған интернет-ресурстарға еркін қолжетімділік болған (Заңның 43-бабы 11-3) тармақшасы – білім алушылардың, тәрбиеленушілердің денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпаратқа қолжетімділікті шектеуге арналған байланыс операторларының қызметтері арқылы Интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ету талаптары).
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы прокуратурасының қадағалау актілері бойынша 13 білім беру ұйымының басшылары әкімшілік жауаптылыққа тартылды (ӘҚБтК-нің 409-бабы 7-2-тармағына сәйкес әрқайсысына 10 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды).
Сонымен қатар, прокуратура ұсынуы негізінде аталған мекемелерде тыйым салынған интернет-ресурстарға қолжетімділік шектелді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 12 мыңнан астам баланың құқықтары қорғалды.
Өскелең ұрпақтың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыс жалғасуда.