Ұлытау облысының прокуратурасы уәкілетті органдармен бірлесіп, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шешімдердің орындалуына талдау жүргізді.
Талдау нәтижесінде автокөлік құралдарын басқаруға медициналық қарсы көрсеткіштері бола тұра, жүргізуші куәлігін алған азаматтардың бар екені анықталды. Аталған жағдай жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығына нақты қауіп төндіреді.
Осыған байланысты прокуратура органдары 24 тұлғаға қатысты көлік құралдарын басқару құқығынан айыру туралы сотқа талап арыздар жолдады. Барлық талап арыздар сотпен қанағаттандырылды.
Сонымен қатар, прокуратура тағы 76 ұқсас деректі анықтап, олар бойынша Полиция департаментіне сотқа тиісті талап арыздар беру туралы қадағалау актісін енгізді.
Қабылданған шаралар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға, сондай-ақ азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауға бағытталған.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда.