Прокуратураның үйлестіруімен Сәтбаев қалалық сотында пробация қызметінің есебінде тұрған тұлғаға қатысты жазаны ауыстыру мәселесі бойынша көрсетілімді сот отырысы өткізілді.
Сот процесіне қылмыс жасау тәуекелі орта және жоғары деңгейде бағаланған 25 есептегі адам қатысты.
Іс-шараның мақсаты — сотталғандарға пробация шарттарын бұзудың құқықтық салдарын, сондай-ақ пробациялық бақылау талаптарын түсіндіру.
2024 жылы сот Ұлытау облысының тұрғынын алаяқтық жасағаны үшін (Қылмыстық Кодекстің 190-бабы) 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына, пробациялық бақылау белгілей отырып, соттаған. Алайда бақылауда болуына қарамастан, сотталған адам жазаны өтеу тәртібі мен шарттарын бірнеше рет бұзған.
Осыған байланысты пробация қызметі сотқа жазаны ауыстыру туралы ұсыныс енгізді. Нәтижесінде, пробациялық бақылау талаптарын жүйелі түрде бұзғаны үшін өтелмеген жаза бөлігі — 1 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы бас бостандығынан айыру жазасына ауыстырылды.
Сот отырысынан кейін прокуратура қызметкері есептегі адамдармен профилактикалық әңгіме өткізіп, пробация шарттарын бұзғаны және сот жүктеген міндеттерді орындамағаны үшін заңда көзделген жауаптылық шараларын түсіндірді.
#Заң_мен_тәртіп