2025 жылдағы атқарылған жұмыс туралы

2025 жылдағы атқарылған жұмыс туралы

Биыл Ұлытау облысы прокуратурасының қызметі қылмыс деңгейін төмендетуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және қоғамдағы құқықтық мәдениетті арттыруға бағытталды.

Қылмыс деңгейі 3,3%-ға (1323-тен 1279-ға дейін) төмендеді, оның ішінде халық үшін аса сезімтал қылмыс түрлері бойынша: тонау – 78%-ға (18-ден 4-ке дейін), бопсалау – 28%-ға (7-ден 5-ке дейін), ұрлық – 33%-ға (299-дан 200-ге дейін), кісі өлтіру – 14%-ға (7-ден 6-ға дейін), денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру – 3%-ға (29-дан 28-ге дейін), бұзақылық – 32%-ға (19-дан 13-ке дейін).

Аталған көрсеткіштер облыс прокуратурасының жүйелі үйлестіру және қадағалау жұмысының нәтижесінде қамтамасыз етілді.

Кибералаяқтарға қарсы күрес бойынша шаралар қабылдануда. Үйлестіру кеңесі өткізілді, алаяқтыққа қарсы іс-қимыл жоспары бекітілді, күмәнді қоңырауларды бұғаттау бойынша «Қазақтелекоммен» меморандумға қол қойылды, облыс прокуратурасы жанынан алаяқтық қоңырауларды ұстап қалуға арналған CALL-орталығы құрылды.

Нақты нәтижелер де бар: трансұлттық топ пайдаланған «SIM-бокстың» қызметі тоқтатылды, облысымызда алаяқтықтың 112 эпизодын жасаған фигурант экстрадицияланды, алаяқтық белгілері бар 3 мыңнан астам сайт бұғатталды, 100-ден астам азаматқа «дропперлерден» шамамен 200 млн теңге өндіруге көмек көрсетілді.

Онлайн-кредиттеу кезінде «ойлану (суыту) кезеңін» енгізу бастамасы іске асырылды, сондай-ақ алаяқтық құрбандарына кредитті күштеп таңуды болдырмау үшін банк клиенттерін сауалнамадан өткізу үлгісі ұсынылып, қолдау тапты.

Өңірдің ерекшелігін ескере отырып, мал ұрлығын (скотокрадство) алдын алу бойынша нысаналы жұмыс жалғасуда: жол картасы әзірленіп, іске асырылуда, 3 тұрақты қылмыстық топ әшкереленді, 10 күдікті қамауда, тергеп-тексеру жалғасуда.

Мектептер мен колледждерде буллингтің, нашақорлықтың және құмар ойындардың алдын алу бойынша іс-шаралар өткізілді, есірткіге қарсы акциялар аясында 600-ден астам наркограффити жойылды. «Жайдарман» бойынша республикалық турнир өткізілді. Нәтижесінде кәмелетке толмағандарға қатысты қылмыстар 10%-ға (49-дан 44-ке дейін) төмендеді.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл саласында арнайы прокурор синтетикалық есірткіні сатумен айналысқан «Kaef Mafia» халықаралық Telegram-дүкенінің қызметін әшкереледі. Қаржылық мониторинг агенттігімен бірлесіп 3,2 млрд теңге сомасындағы криптовалютаға тыйым салынып, тәркіленді.

Аталған факті бойынша 2 адам сотталды, төрт фигурантқа қатысты іс сотта қаралуда.

Қосымша трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың 3 мүшесі Біріккен Араб Әмірліктерінде, Молдовада және Польшада ұсталып, қазіргі уақытта экстрадициялауды күтуде.

Біздің кейс Қазақстан бойынша жалғыз болып, ақша жылыстатуға қарсы іс-қимыл саласындағы жаһандық стандарт ретінде FATF атты халықаралық үкіметаралық ұйыммен танылды (Ақшаны жылыстатуға қарсы іс-қимыл жөніндегі қаржылық шараларды әзірлеу тобы (FATF) — ақша жылыстату және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы жаһандық қадағалау органы. Бұл үкіметаралық орган қоғамға зиян келтіретін осындай заңсыз қызметтің алдын алуға бағытталған халықаралық стандарттарды белгілейді).

Прокуратураның үйлестіруімен 190 кг-нан астам есірткі заты тәркіленді, жеткізудің 6 өңірлік арнасының қызметі тоқтатылды, 27 есірткі өткізуші залалсыздандырылды, 3 мыңнан астам есірткіге қатысты шот бұғатталды, 93 млн теңгеден астам сомаға (есірткі өткізуден түскен қаражатқа) тыйым салынды.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 2018 жылы жасалған 2 кісі өлтіру қылмысы ашылды (бір іс бойынша кінәлі адам 18 жылға сотталды, екінші іс бойынша Ресей Федерациясының азаматы халықаралық іздеуге жарияланды).

Әлеуметтік-экономикалық салада басымдық азаматтардың құқықтарын нақты қалпына келтіруге және мемлекеттің мүдделерін қорғауға берілді. Қадағалау актілері бойынша 6,5 млрд теңгеге 50 мемлекеттік сатып алу күші жойылып, 1,1 млрд теңге өндірілді (оның 687 млн теңгесі – мемлекет кірісіне).

400 млн теңгеге 8 қылмыстық іс тіркелді, 4 іс бойынша кінәлі тұлғалар жауаптылыққа тартылып, келтірілген залал өтелді.

Мемлекетке 1 млрд теңге көлемінде мүлік қайтарылды, оның ішінде нысандар мен инфрақұрылым (ВЕСТ-2001 энергия компаниясы, Кеңгір су қоймасы және оның гидротехникалық құрылыстары), сондай-ақ 443 млн теңгеге бағаланған 100 мың гектардан астам жер.

Жалпы алғанда 115 мыңнан астым азаматтың құқығы қорғалды – бұл облыс халқының жартысына жуығы.

Алимент бойынша 93 млн теңге өндірілді, 25 сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды, 14 борышкер сотталды, 43 тұлға әкімшілік жауаптылыққа тартылды, мемлекеттік кіріске 2,5 млрд теңге өндірілді.

Инвесторлардың құқықтарын қорғау – ерекше бақылауда: 923 млрд теңгеге 32 инвестициялық жоба сүйемелденуде, 270 млрд теңгеге 9 жоба бойынша 8 инвестордың құқықтары қорғалды.

Мәселен, сүйемелдеу аясында «Mezgilder Qushteri» ЖШС инвесторының мәселелерін шешіп, әкімшілік кедергілерді жоюға қол жеткізілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде 70 млрд теңгелік жел электр станциясын салу жөніндегі инвестициялық жоба іске қосылып, қазіргі уақытта 16 жел генераторы жұмыс істеуде.

Табиғатты қорғау блогы бойынша қадағалау күшейтілді: 646 млн теңге көлемінде экологиялық және салық төлемдерінің түсуі қамтамасыз етілді, 134 млн теңгені тиімсіз жұмсаудың алдын алынды, 187 млн теңге залал келтірілген пайдалы қазбаларды заңсыз өндіру бойынша 2 қылмыстық іс тіркелді, 34 су объектісінде су қорғау аймақтары белгіленді, қылмыстық істерді тіркеу арқылы ағаштарды заңсыз кесу фактілері тоқтатылды, сондай-ақ «Таза Қазақстан» акциясы аясында 1 мыңнан астам ағаш отырғызылды.

Мемлекеттік қызмет әдебі мәселелерінде де қағидаттылық танытылуда: құмар ойындарға қатысқан 8 лауазымды тұлға анықталып, атқаратын лауазымдарынан босатылды.

«Заң және Тәртіп» тұжырымдамасы аясында халықпен жұмыстың нысаналы форматтары қолданылуда. Желтоқсан айынан бастап «Құқықтық патруль» жобасы іске қосылды. 2026 жылы жұмыс облыс халқының барлығын қамтуға, түсіндіру жұмыстарын жүргізуге және өзекті мәселелерді шешуге бағытталады, жоба БАҚ пен блогерлердің сүйемелдеуімен жүзеге асырылуда.

«Екінші мүмкіндік — түзелуге бастар жол» жобасының әлеуметтік әсерін ерекше атап өтемін: сотталғандар арасындағы қайталама қылмыс 40%-ға (14-тен 9-ға дейін) төмендеді.

Есепті кезеңде прокурорлар қылмыстық істер бойынша 362 нұсқау берді, оның ішінде 91 іс сотқа жолданды, қызметтік үй-жайлардан заңсыз ұсталған 15 адам босатылды, сотқа дейінгі тергеп-тексеру органдарының 101 заңсыз шешімі күшін жойды.

Облыс соттарында мемлекеттік айыптаушылардың 310 қылмыстық іс бойынша қатысуы қамтамасыз етілді.

6 мың студент пен 546 оқытушы үшін онлайн-видеотрансляция форматында кең ауқымды ашық сот отырыстары ұйымдастырылды, олар тікелей эфирде есірткі өткізу істері бойынша нақты сот процестерін бақылауға мүмкіндік алды.

Жалпы алғанда Ұлытау облысының прокуратура органдары заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтарын және мемлекеттің мүдделерін қорғау бойынша қойылған міндеттердің орындалуын қамтамасыз ете отырып, заманауи сын-қатерлерге алдын ала ден қоюға бағытталған ұзақ мерзімді профилактикалық және цифрлық шешімдерді қатар жүзеге асыруда.

Облыстың барлық азаматтарын келе жатқан Жаңа жылмен құттықтаймыз. Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке, тұрақтылық және табыс тілейміз. Жаңа жыл жаңа мүмкіндіктер әкеліп, ертеңгі күнге деген сенім мен барлық бастамаларыңызда оң нәтижелер сыйласын.

Ұлытау облысының прокуратурасы