Ұлытау облысында заңдылық пен тәртіпті нығайту, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында қылмыстық іс бойынша ашық сот отырысы онлайн форматта көрсетілді. Оған өңірдегі 14 колледждің 6 мыңнан астам студенті және 546 оқытушысы бейнетрансляция арқылы қосылды.
Көрсетілім барысында Ұлытау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында облыс тұрғындарына қатысты есірткі сату, трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу, сондай-ақ кәмелетке толмағанды есірткі тұтынуға итермелеу фактілері қаралды.
Сот үкімімен екі адам кінәлі деп танылып, тиісінше 18 жыл және 16 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары тағайындалды (ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі, 264-бабы 2-бөлігі, 297-бабы 4-бөлігі, 299-бабы 3-бөлігі 1) тармағы).
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ұлытау облысының прокуратурасы жастар мен педагогтерге есірткі құралдарын заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, өткізу немесе жарнамалаудың қатаң қылмыстық жауаптылыққа әкелетінін түсіндірді.
Ашық сот тәжірибесі заңға бағынудың маңызын және есірткі қылмыстарының салдарының ауырлығын нақты көрсетіп, студенттерге құқықтық мәдениетті арттыруға мүмкіндік берді.