БАЛАЛАРДЫҢ АЛИМЕНТКЕ ДЕГЕН ҚҰҚЫҒЫ – ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ!

БАЛАЛАРДЫҢ АЛИМЕНТКЕ ДЕГЕН ҚҰҚЫҒЫ –  ПРОКУРАТУРАНЫҢ БАСТЫ БАҒЫТЫ!

     Ұлытау облысының прокуратурасы балалардың құқықтарын қорғау бағытында, соның ішінде алимент өндіру міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстарын жалғастыруда.

     Ағымдағы жылдың 8 айының қорытындысы бойынша өңірде бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді: балалардың пайдасына 91 млн теңгеден астам алимент өндірілді. Орындаушылық өндіріс жүргізу барысында жол берген заңбұзушылықтар үшін 6 жеке сот орындаушысы түрлі жауапкершілікке тартылды.

     Алимент төлеуден жалтарып жүрген азаматтарды қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Атап айтқанда, ҚР ҚҚ 139-бабы (балаларды асырауға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша 22 қылмыстық іс қозғалды, тағы 34 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

     Мысал ретінде, азамат «С»-ның жағдайын келтіруге болады. Ол екі жыл бойы жұмыспен қамту орталығы арқылы бірнеше мәрте ұсынылған жұмысқа орналасу мүмкіндіктеріне қарамастан, алименттік міндеттемелерін орындаудан жалтарған. Оның қарызы 5 млн теңгеден асқан. Сот шешімімен азамат кінәлі деп танылып, оған 1 жыл мерзімге бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.

     Сонымен қатар, алимент өндіруді қамтамасыз ету шеңберінде қосымша шаралар қабылданды: 5 борышкердің автокөлігі айып тұрағына қойылса, сот шешімімен 10 адамның жүргізуші куәліктерін пайдалану құқығы уақытша тоқтатылды.

     Алимент төлеуден жалтарып жүргендерді анықтауда стандарттан тыс тәсілдер де қолданылуда. Жүргізілген талдау нәтижесінде 22 борышкердің букмекерлік кеңселердің сайттарында тіркелгені анықталды. Олардың жалпы «ставкалары» 10,6 млн теңгені, ал ұтыстары 6,8 млн теңгені құраған. Бұл азаматтарға қатысты тиісті шектеу шаралары қабылданып, онлайн-платформаларда қайта тіркелу мүмкіндігіне тыйым салынды.

     Сонымен бірге, прокурорлық тексеру барысында сот орындаушыларының есептік құжаттарында бұрмалаушылықтар анықталды — олар жалпы қарызға 233 млн теңге көлеміндегі тоқтатылған орындаушылық өндірістерді заңсыз енгізген. Статистикалық есеп түзетіліп, берешек өтелді.

     Қабылданған кешенді шаралар мемлекет тарапынан балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселесіне қатаң әрі принципті ұстаным танытылып отырғанын айқын көрсетеді. Ұлытау облысының прокуратурасы бұл бағыттағы жұмысын алименттік міндеттемелерден жалтару тәжірибесін толық жоюға дейін жалғастырады.