Ұлытау облысында прокуратураның қадағалау актісі бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылды

Ұлытау облысында прокуратураның қадағалау актісі бойынша су қорғау аймақтары мен белдеулері орнатылды

Ұлытау облысының Мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасы су заңдарын қолдану мәселелері бойынша заңдылықтың жай-күйіне талдау жүргізді.

Талдау Ұлытау облысының аумағында 68 су айдыны мен су шаруашылығы құрылыстары бар екенін көрсетті.

Ұлытау облысы құрылғаннан бастап 3 жыл өткеніне қарамастан, облыс әкімдігімен барлық су объектілерінде су қорғау аймақтары, белдеулері және оларды шаруашылықта пайдалану режимі белгіленбеген.

Су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілемеу су заңнамасының талаптарына қайшы және судың ластануына, қоқыстануына және сарқылуына әкелуі мүмкін екенін атап өту қажет.

Су қорғау аймақтары мен белдеулерінің болмауы жаңа нысандардың құрылысына әкімшілік кедергілерді тудырып, инвестиция тартуға теріс әсерін тигізді.

Осыған байланысты табиғат қорғау прокуратурасы облыс әкімдігіне заңдылықтың бұзылуын жою туралы ұсыну енгізді.

Енгізілген қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша облыс әкімдігі Ұлытау облысының аумағындағы 30 ірі су объектілерінде су қорғау аймақтары, белдеулері және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгіледі.

Заңдылықтың бұзылуына жол бергені үшін Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының м.а. тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Басқа су айдындары үшін су қорғау аймақтары мен белдеулерін белгілеу жұмыстары жалғасуда және прокуратураның бақылауында.