5 маусымда құқық қорғау және уәкілетті органдар басшыларының қатысуымен «Заң және Тәртіп: өзара іс-қимылдың басымдықтары және қоғамдық қауіпсіздікті күшейту» тақырыбында Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті.
Отырыс жұмысына облыс әкімі, облыстық мәслихат және сот төрағалары, құқық қорғау органдары, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, студенттер қатысты.
Кеңесте қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстың алдын алу, әлеуметтік осал топтардың құқықтарын қорғау, жастар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы және құқық қорғау органдары арасындағы өзара іс-қимылды арттыру мәселелері қаралды.
Облыс прокуроры Жасұлан Еламанов Мемлекет басшысының «Заң және Тәртіп» идеологиясын ілгерілету жөніндегі тапсырмаларына тоқталып, осы бағытта нақты басымдықтарды айқындады.
Прокуратура органдарының күш-жігері заңдылық пен құқық тәртібін қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталғаны атап өтілді.
Кеңес қорытындысы бойынша құқық бұзушылықтың алдын алу, қоғамдық қауіпсіздікті арттыру, құқық қорғау және жергілікті органдардың өзара іс-қимылын жетілдіру жөніндегі нақты тапсырмалар берілді.
Облыс прокуратурасы Үйлестіру кеңесінің жұмысы өңірдегі тұрақтылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға оң серпін беретініне сенімде.