2025 жылдың 15 мамырында «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында Ұлытау облысының прокуроры өңірдегі 9 жоғары оқу орны мен колледждің студенттерімен кездесу өткізді. Кездесуге 500 студент, олардың ата-аналары, оқытушылар, Ұлытау облысы әкімінің орынбасары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесудің мақсаты – құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу, құқықбұзушылықтың алдын алу, сондай-ақ жастар арасында құқықтық сауаттылық пен құқықтық мәдениетті арттыру болды.
Студенттерге буллинг, есірткі заттарын тұтынудың зияны және жастардың «қойып кетуші» (закладчик) ретінде қатысудың салдары туралы ақпараттық бейнероликтер көрсетілді.
Кездесу барысында құқықтық ақпараттандыру, қылмыстардың алдын алу және жастардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды. Әсіресе буллинг, есірткінің заңсыз айналымы және жастардың қылмыстық әрекеттерге тартылу қаупі сынды өзекті тақырыптарға ерекше назар аударылды.
Студенттер өздерін толғандырған көптеген сұрақтар қойып, прокурордан жан-жақты әрі нақты жауаптар алды.
Барлық қатысушыларға қылмыстың, буллинг пен есірткі қылмыстарының алдын алуға арналған ақпараттық буклеттер таратылды. Буклеттерде облыс прокуратурасының Telegram-ботына өтуге арналған QR-код орналастырылған.
Кездесу аймақтық телеарналар арқылы жария етілді.