Жауапсыздық үшін жауапкершілік: Сарыағаш ауданында алимент төлемегені үшін борышкерлер жазаланды

Жауапсыздық үшін жауапкершілік: Сарыағаш ауданында алимент төлемегені үшін борышкерлер жазаланды

Атқарушылық іс жүргізуді қадағалау шеңберінде 20 млн теңгеден астам қарыз берешектері бар борышкерлерге қатысты Түркістан облысы Сарыағаш ауданы прокуратурасы ҚР ҚК 139-бабы бойынша 4 қылмыстық істі тіркеп, сотқа жолдады.

Сот талқылауы барасында прокурорлар сотталушылардың алимент төлемегендерін, ата-аналық міндеттерін орындамағанын толық дәлелдеді.

Олар ұзақ уақыт бойы сот шешімін әдейі орындамай, кірістерін жасырған, бұл өз балаларының алдында қарыз берешегінің пайда болуына алып келген.

Түркістан облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының үкімі бойынша барлығына бір жыл бойы пробациялық бақылаумен бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.

Сондай-ақ, аудан прокуратурасы 30 алимент төлемеушіге қатысты «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР Кодексінің 669-б. 1-б. бойынша  әкімшілік іс қозғап, нәтижесінде барлығы сотпен әкімшілік қамауға алынды.

Мұндай шаралар - жай ғана құрғақ статистика емес. Бұл "Заң және Тәртіп" қағидасының көрінісі, әсіресе балаларға қатысты болған соң - жауапсыздыққа жол жоқ.

Прокуратура кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауды жалғастырады, өйткені ересектердің немқұрайлылығы балалардың тағдырын бұзбауы керек.

 Түркістан облысының прокуратурасы