Әйелдер арасындағы есірткі қылмыстылығы туралы

Әйелдер арасындағы есірткі қылмыстылығы туралы

Адамзатқа кереғар болып табылатын есірткіге қатысты қылмыстылық қоғамды ерекше алаңдататыны белгілі. Ал оларды әйел азаматтарының жасауы - тіпті ақылға сыймайтын дүние деуге болады.

Әйелдер арасындағы есірткі қылмыстылығы жүз пайыз жойылды деп толық сеніммен айта алмаймыз, алайда ол жөніндегі амал-әрекеттердің жүзеге асу мүмкіндігі бар.

Көбінесе әйелдердің есірткі қылмысымен айналысуының басты себебі: жайсыз отбасылық жағдайы, оңай табыс көзі және есірткі тәуелділігі болып табылады.

Әйелдер арасындағы тіркелген есірткі қылмыстылығы жөнінде Түркістан облысы республика бойынша 13-орында.

Осы бағыт бойынша кейінгі 3 жылдың қылмыстық жағдайын алып қарасақ, төмендеу динамикасы байқалады. Яғни, 2017 жылы – 12, 2018 жылы – 10, 2019 жылы – 4, 2020 жылдың өткен айлары бойынша – 1 дерек.

Наркодиспансер есебінде тұратын әйелдердің саны да төмендеуде, яғни 2018 – 2019 жылдары – 11 әйел тіркелген болса, 2020 жылы бірде-біреуі тіркелмеген.

Есірткі затын қабылдаудан соңғы рет 2012 жылы 1 әйел көз жұмған болатын, одан бері мұндай жайттар өңірде орын алмаған.

Ал ұйымдасқан қылмыстық топ мүшесі ретінде 2016 жылы 1 әйел есірткі қылмысы бойынша жауапқа тартылса, одан бері мұндай дерек тіркелмеген.

Жалпы әйелдер арасында есірткі қылмысын болдырмау мақсатында қылмыстық қудалау органдары жыл сайын жоспарлар түзіп, арнайы профилактикалық іс-шаралар жұмыстарын жүргізуде. Есірткі қылмысына қарсы бағытталған құқыққорғау органдарының жұмыстарын үйлестіруді прокуратура жүзеге асырып келеді.

Түркістан облысы прокуратурасының баспасөз қызметі