Түркістан облысында қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қалыптастыру бағытындағы жобалар жүзеге асуда

Түркістан облысында қауіпсіз әрі қолайлы ортаны қалыптастыру бағытындағы жобалар жүзеге асуда

Түркістан облысы прокуратурасының бастамасымен өңірде «Айқын нәтиже» және «Кәсіпкерлерден 100 нақты қадам» жобалары жүзеге асырылуда.

Аталған жобалардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтардың алдын алу, қоғамдық тәртіпті нығайту, сондай-ақ тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру.

Бұл бастамалар аясында жергілікті кәсіпкерлер тарапынан әлеуметтік жауапкершілік пен азаматтық белсенділік танытылуда.

Атап айтқанда, Төлеби ауданының кәсіпкері Сәкен Мәженов жобаларды іске асыруға белсенді қолдау көрсетті.

Кәсіпкердің демеушілігімен жаяу жүргіншілер өткелдеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті жол белгілері орнатылды. Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру мақсатында жасанды жол кедергілері (жылдамдық бәсеңдеткіштер) қойылды.

Айта кету қажет, аталған жұмыстардың барлығы демеушілік қаражат есебінен жүзеге асырылып, бюджет қаражатын жұмсауды талап еткен жоқ.

Бұл игі бастама өңір тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, туған жерге деген жанашырлықтың, елге деген сүйіспеншіліктің және азаматтық жауапкершіліктің жарқын үлгісіне айналуда.

Өз өңірінің дамуына үлес қосу – нағыз патриотизмнің көрінісі. Осындай ортақ іске белсенді атсалысқан кәсіпкерлердің қолдауы қоғамның бірлігі мен ынтымағын нығайтып, келер ұрпақ үшін қауіпсіз әрі жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға септігін тигізеді.

Түркістан облысы прокуратурасы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, азаматтардың құқықтарын қорғауға және туған өлкенің өркендеуіне бағытталған мұндай жобаларды алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғастыратын болады.

 

Түркістан облысының прокуратурасы