Түркістан облысының прокуратурасы құқық қорғау органдарының Үйлестіру кеңесінің отырысын облыс әкімінің, сондай-ақ құқық қорғау, арнайы және мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының қатысуымен өткізді.
Отырыс барысында мүмкіндігі шектеулі азаматтарды жұмыспен қамту, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау, сондай-ақ осы санаттағы азаматтарға бөлінген бюджет қаражатының тиімді және мақсатты пайдаланылуы мәселелері қаралды.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев өз сөзінде мүмкіндігі шектеулі адамдардың құқықтарын қорғау әлеуметтік қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Олардың құқықтарын қамтамасыз ету теңдік және қоғам өміріне толыққанды қатысу қағидаттарына негізделетінін жеткізді.
Прокуратура органдары жүргізген тексерулер мен талдаулар нәтижесінде бюджет қаражатын 77 млн теңгеден астам сомаға тиімсіз және негізсіз пайдалану фактілері анықталды.
Сонымен қатар, лауазымды тұлғалардың мүмкіндігі шектеулі азаматтардың электрондық цифрлық қолтаңбаларын заңсыз пайдалануы, сондай-ақ мүгедектік тағайындау кезінде жалған құжаттарды қолдану фактілері анықталды.
Бұған қоса, 2 лауазымды тұлғаға және 3 жеке тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық істер сотқа жолданды.
Отырыс қорытындысы бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге және мұндай заң бұзушылықтарға жол бермеуге бағытталған кешенді шаралар қабылдау тапсырылды.
Түркістан облысының прокуратурасы