Прокурорлар ветеринария саласында бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады

Прокурорлар ветеринария саласында бюджет қаражатын  жымқыру схемасын анықтады

Түркістан облысының прокуратурасы «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК қызметінде 928 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады.

Анықталғаны, 2022–2025 жылдар аралығында Ветқызметтің басшылары мен жауапты қызметкерлері сатып алулар (тауарлар, қызметтер және т.б.) барысында төлем тапсырмаларына көрінеу жалған мәліметтер енгізу арқылы 928 млн теңгені негізсіз және заңсыз аударған.

Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілеріне ақша аудару кезінде өздерінің ЭЦҚ-ларын пайдаланып, заңсыз әрекеттерін жасыру мақсатында төлем тапсырмаларында бірдей бизнес субъектілерінің ЖСН-дарын енгізіп, тек атауларын өзгертіп отырған.

Нақтысында кәсіпкерлік субъектілері тарапынан Ветқызметке қызметтер көрсетілмеген және тауарлар жеткізілмеген.

Лауазымды тұлғалардың заңсыз әрекеттері нәтижесінде мемлекетке ірі көлемде залал келтірілген.

Аталған факт бойынша облыс прокуратурасы материалдарды Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігімен СДТБТ-не тіркеп, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді арнайы прокурорлар (облыс прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру басқармасы) жүргізуде.

А.ж. 26 наурызында 4 лауазымды тұлға (Ветқызметтің екі бұрынғы басшысы, орынбасары және бас бухгалтері) күдікті деп танылып, қамауға алынды.

Қазіргі уақытта басқа да лауазымды тұлғалардың қатыстылығын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

 Түркістан облысының прокуратурасы