
Бүгін Түркістан қаласында өңірде цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын әлеуметтік маңызы бар салаларға енгізу мақсатында білім беру ұйымдарындағы буллинг пен құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында «AI-Jan» цифрлық платформасын енгізу туралы мекемеаралық меморандумға қол қойылды.
Құжатқа құқық қорғау органдарының бірінші басшылары, сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ректоры және Түркістан облысының Білім басқармасының басшысы қол қойды.
Меморандумның негізгі мақсаты - «AI-Jan» платформасын Түркістан облысының білім беру ұйымдары мен колледждеріне кезең-кезеңімен енгізуге арналған ведомствоаралық өзара іс-қимыл алгоритмін бекіту, тәуекел сигналдары бойынша әрекет ету тетіктерін айқындау және профилактикалық жұмысты жүйелеу.
Облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев өз сөзінде аталған жобаның білім беру ұйымдарындағы әлеуметтік-психологиялық ахуалды тұрақты мониторингтеуге көмек беретінін атап өтті. Жоба буллинг, психологиялық қысым, әлеуметтік оқшаулану, суицидтік қауіптер және өзге де құқық бұзушылық тәуекелдерін ерте кезеңде анықтауға бағытталған.
Платформаның басты ерекшелігі – толық анонимді хабарлама қалдыру мүмкіндігі және тәуекелдерді жасанды интеллект арқылы талдау. Бұл тәсіл жасырын қауіптерді ерте анықтап, алдын алу шараларын дер кезінде ұйымдастыруға мүмкіндік береді.
Алғаш рет платформаны пилоттық жоба ретінде облыс прокуратурасы мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен бірлесе Түркістан қаласының білім беру ұйымдарына енгізілді.
Бұл бастама өңірдегі білім беру ұйымдарында қауіпсіз орта қалыптастыруға, балалардың құқықтарын қорғау және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтуге мүмкіндік береді.
Түркістан облысының прокуратурасы