Түркістан облысында «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» форумы өтті

Түркістан облысында «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» форумы өтті

Түркістан қаласында Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің бастамасымен, прокуратура, облыс әкімдігі және полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Қаржылық қауіпсіздік – цифрландыру және жасанды интеллект дәуірінде» тақырыбындағы өңіраралық форум өтті.

Форум аясында екі кезеңнен тұратын AI-Хакатонның салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылды.

Іс-шараға облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев, облыс әкімі Нұралхан Көшеров, Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев, полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров қатысып, сондай-ақ орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері, сарапшылар, жоғары оқу орындарының басшылары мен жастар қауымы жиналды.

Форумның негізгі мақсаты — озық цифрлық шешімдерді әзірлеу, салааралық өзара іс-қимылды нығайту және еліміздің қаржылық қауіпсіздік деңгейін жаңа сапалы кезеңге көтеру.

Өз сөзінде облыс прокуроры Мұрат Тлеубердиев цифрлық трансформация Мемлекет басшысының Жолдауында айқындалған стратегиялық бағытқа сәйкес еліміздің жаңа ұлттық идеясына айналғанын атап өтті. Сондай-ақ қазіргі технологиялық прогресс қаржы жүйесіне жаңа мүмкіндіктермен қатар жаңа қауіп-қатерлер әкеліп отырғанын жеткізді.

Форумға еліміздің түрлі өңірлерінен 114 команда мен 400-ге жуық жас маман және сарапшы қатысты. AI-Хакатон барысында қатысушылар нақты мемлекеттік кейстер негізінде жобалар әзірлеп, қылмыстың алдын алу, көлеңкелі экономиканы азайту, тәуекелдерді ерте анықтау және мемлекеттік бақылау тетіктерін цифрлық технологиялар арқылы жетілдіруге бағытталған шешімдерін ұсынды.

Іс-шара қорытындысында жеңімпаздарды марапаттау рәсімі өтті. Екі күн ішінде ұсынылған тәжірибелер мен алынған дағдылар қатысушылардың алдағы кәсіби қызметінде тиімді қолданылып, мемлекеттік органдар жұмысының сапасын арттыруға оң ықпал етеді деп күтілуде.

Түркістан облысының прокуратурасы