Облыс прокуратурасының ұйымдастыруымен азаматтардың конституциялық құқықтарының сақталуы, тергеу сапасы және сот-тергеу тәжірибесі мәселелеріне арналған кеңейтілген алқа мәжілісі өтті.
Жиынға облыстық сот төрағасы, құқық қорғау және арнайы органдардың басшылары, сондай-ақ қала және аудан прокурорлары мен полиция бөлімшелерінің жетекшілері қатысты.
Іс-шараның негізгі мақсаты — тергеу сапасын арттыру және қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарының бұзылуына жол бермеу.
Облыс прокуроры Мурат Тлеубердиев «Мемлекет басшысының басты талаптарының бірі — қылмыстық қудалау барысында азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау және оларды толық қалпына келтіру» екенін атап өтті.
Сонымен қатар облыс прокуроры қызметтік міндеттерін үлгілі атқарып, азаматтардың құқықтарын қорғауда белсенділік танытқан 6 үздік тергеушіні марапаттап, алғыс жариялады.
Олардың қатарында соңғы 3 жылда ауыр және аса ауыр санаттағы 45 қылмыстық істі сотқа жолдап, азаматтардың құқықтарының бұзылуына жол бермеген Арыс аудандық полиция бөлімінің аға тергеушісі, сондай-ақ күрделі ауыр санаттағы қылмыстық істі екі күн ішінде сотқа жолдаған Жетісай аудандық полиция бөлімінің тергеушісі ерекше атап өтілді.
Мәжіліс қорытындысы бойынша қылмыстық қудалау органдарының жұмысын жетілдіру, уәкілетті органдармен өзара іс-қимылды күшейту және тергеу сапасын арттыруға бағытталған нақты ұсыныстар әзірленіп, жауапты тұлғаларға тиісті тапсырмалар берілді.
Түркістан облысының прокуратурасы